Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасарының үндеуі
Құрметті инвесторлар, акционерлер, әріптестер мен серіктестер!
2021 жылы біз сыртқы факторлардың жиынтық әсері аясында Компанияның қаржы көрсеткіштерінің пандемияға дейінгі кезең деңгейіне біртіндеп қалпына келгенін байқадық. Мұнайға деген әлемдік сұраныстың қалпына келуі, сондай-ақ ОПЕК+ тарапынан мұнай нарығын реттеу 2021 жылы мұнай бағасының өсуінің негізгі факторларына айналды. 2021 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррельге 71 АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 70%-ға артық.
ҚМГ қаржы тұрақтылығын сақтау Компанияның 2020 және 2021 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы әзірленген шараларының негізгі міндеттерінің бірі болды. Жыл нәтижелері экономикалық дағдарыстың Компанияның операциялық қызметіне тигізген әсердің салдарын едәуір жұмсартып, қаржы тұрақтылығын сақтап, ұзақ мерзімді перспективада одан әрі даму үшін жеткілікті жағдайларды қамтамасыз ете алғанымызды көрсетті.
Компанияның қаржылық позициясын нығайтатын іс-шараларға ерекше назар аударылды. Бұл, өз кезегінде, ықтимал экономикалық қиындықтар жағдайында Компанияның практикалық базасын құрды. Пандемия кезінде дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралар бізге алдын ала болжамнан асатын қаржылық нәтижелерді көрсетуге мүмкіндік берді.
2021 жылдың соңында жалпы қарыз 8,7 млрд АҚШ долларын құрап, 1 млрд теңгеге азайды. ҚТГ бөлу нәтижесінде Компанияның борыштық жүктемесі 1,1 млрд АҚШ долларына қысқартылды. Соңғы үш жылда борышты басқару бойынша жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Компанияның еурооблигациялары бойынша ірі төлемдер кестесі қайта қаралды және Компанияның ағымдағы қажеттіліктері мен стратегиялық шешімдеріне қатысты қайта бөлінді. Енді ауқымды төлем 2027 жылы ғана күтіледі. 2017 жылдан бастап борыш жүктемесі 16 млрд. доллардан 8,7 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеді.
Жоспарлы күрделі және операциялық шығындарды оңтайландыру арқасында еркін ақша ағыны 1,6 млрд АҚШ долларына жетті. 2021 жылы біз еншілес компаниялардың қызметін кассалық алшақтықсыз қамтамасыз ете алдық.
Біз осы жылы Moody's, Fitch және S&P кредиттік рейтингтерін сақтап қалып, қаржы орнықтылығымызды растай алдық. 2022 жылы біз Компанияның стратегиялық басымдықтарына адалдығымызды сақтай отырып, сыртқы әлеуметтік-экономикалық факторлар мен жаһандық басқару практикасының ықпалын назарға ала отырып, сонымен қатар Компаниядағы ESG рөлін күшейтудің маңыздылығын да ескеріп, дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруды жалғастырамыз.
Макроэкономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Компания инвестициялық қоғамдастық үшін ақпаратты ашу кезінде уақытылы, толық және қолжетімділік қағидаттарын ұстануды жалғастырады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ