Басқарма төрағасының үндеуі

Құрметті акционерлер, инвесторлар мен серіктестер!

Алик Айдарбаев

Құрметті акционерлер, инвесторлар мен серіктестер! Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне елеулі ықпал ететін Қазақстанның мұнай-газ саласының көшбасшысы ретінде ҚМГ адамдарға, қоршаған ортаға және өңірлердің дамуына белсене қамқорлық жасай отырып, өз алдына ұзақ мерзімді даму міндеттерін қояды.

Компания көрсеткіштерін біртіндеп қалпына келтіру

Әлемдік іскерлік белсенділіктің қалпына келуі Компанияның пандемияға дейінгі көрсеткіштеріне жетуге мүмкіндік берді. ОПЕК+ шектеулерінің біртіндеп жеңілдетуі 2021 жылы Компанияға мұнай және газ конденсатын өндіру көлемін 21,7 млн тоннаға немесе 444 мың баррельге дейін жеткізуге мүмкіндік берді, бұл 2020 жылдың көлемімен бірдей болып отыр. Ол жылы ОПЕК+ шектеулері тек екінші тоқсаннан бастап енгізілген болатын.

Мұнайды магистраль және теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі жиынтықты 1,9%-ға 74,6 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ішкі нарықта өңдеу үшін қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына қарай магистральмен тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты болды. Сонымен қатар негізінен Жерорта теңізіндегі тасымалдау көлемі де оң әсер етті. Мұнай кеме қатынасы нарығының қалпына келуі Компанияның кемелері үшін де барынша тиімді болды.

Қазақстандық МӨЗ-дерде мұнай өңдеу көлемі 8,4%-ға ұлғайып, 13,9 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты пандемияға дейінгі деңгейге оралды. Алайда2021 жылғы шілдеде дизель отынын гидротазарту қондырғысында өрттің шығу салдарынан, Петромидия зауытының үш айға толық тоқтап қалуына байланысты Румыниядағы МӨЗ-дерде көмірсутек шикізатын өңдеу 6,1%-ға 4,9 млн тоннаға дейін азайды.

Есепті жылы қаржы көрсеткіштері, негізінен, мұнайдың орташа бағасының өсуі және бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлеске жататын кірістердің өсу есебінен едәуір жақсарды. EBITDA көрсеткіші 2020 жылғы 810 млрд теңгеге қарағанда 1 609 млрд теңгені құрады. Компанияның таза пайдасы 1 197 млрд теңгеге дейін өсті, ал еркін ақша ағыны 669 млрд теңгені құрады. Компанияның таза борышы жыл соңында 2 204 млрд теңге деңгейінде қалыптасқанын атап өткен жөн. Ол 2020 жылдың соңындағы 2 594 млрд теңге көрсеткішімен салыстырғанда 15%-ға төмендеді.

Стратегиялық бастамаларды іске асыру

2021 жылы жаңартылған Даму стратегиясы аясында Компания жаңа және жете барлауды қоса алғанда, перспективалы геологиялық-барлау жобаларын іске асыру есебінен көмірсутек қорларының үдемелі өсуіне бағытталды. ҚМГ өзінің геологиялық-барлау бастамаларын іске асыруда елеулі прогреске қол жеткізді. Шығыс Жетібай кен орнында юра көкжиегінен тәулігіне 38 тоннаға дейінгі дебитпен мұнай ағыны алынды. Оңтүстік Жетібай кен орнында тәулігіне 36 тоннаға дейінгі мұнай ағыны алынды. Маңғыстау облысындағы Өзен кен орнында қосымша барлау жолымен жаңа мұнай шоғыры табылды. Нәтижесінде алынатын мұнай қорының өсімі 39,9 млн тоннаны құрады. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан және кэрри қаржыландыру шарттарында бірлесіп іске асырылатын жаңа Әл-Фараби жобасы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы алынды.

Бизнесті әртараптандыру аясында Компания өз қызметінің перспективалық бағыты ретінде мұнай химиясы саласын дамытуды жалғастыратын болады. 2021 жылдың соңында полипропилен өндіретін KPI газ-химия кешенінде қуаты 500 мың тоннаға дейінгі зауыттың негізгі құрылысы аяқталып, Теңіз кен орнынан пропанның бірінші партиясы қабылданды. Қуаты 1 250 мың тонна полиэтилен өндіру жөніндегі жоба жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Атырау облысында 700-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, қуаты жылына 180 мың тоннаға дейін бутадиен каучуктерін шығару бойынша инвестициялық жоба бойынша да жұмыс жүргізілуде.

2021 жылғы қарашада газ жобаларын дербес іске асыру үшін кейіннен «Qazaq Gaz» ҰК АҚ деп атауын өзгерткен, ҚМГ еншілес компаниясы «ҚазТрансГаз» АҚ-ны «Самұрық-Қазына» АҚ-ға беру жөніндегі мәміле аяқталды. «ҚазТрансГаз» АҚ-ны беру нәтижесінде Компания өзінің кредиттік рейтингтерін инвестициялық деңгейде сақтап қалғанын атап өткен жөн.

Экологиялық қауіпсіздікке үлес қосу

Компания атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарта алды. 2017 жылмен салыстырғанда ҚМГ шығарындыларының 19%-ға төмендегені байқалады. Мұнай қалдықтарын кәдеге жарату және мұнаймен ластанған, оның ішінде тарихи ластанған жерлерді тазарту жөніндегі іс-шаралар жан-жақты орындалып жатыр.

ҚМГ бірқатар әлеуметтік бағдар ұстанған және экологиялық жобаларды іске асыруды жалғастыруда. Компания Қаражанбас кен орнында су тұщыту зауытын салып жатыр. Аталмыш зауыт іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындарға тәулігіне қосымша 17 мың текше метр суды қамтамасыз етеді. 2023 жылы Кендірлі кентінде қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын су тұщыту зауытының құрылысын аяқтау жоспарлануда, ол Жаңаөзендегі су тұтыну тапшылығын жоямақ. «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңарту туралы да айта кеткен жөн, бұл су өткізу қабілетін тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Атырау және Маңғыстау облыстарының өнеркәсіптік кәсіпорындары мен тұрғындарының тұщы суға деген қазіргі және болашақтағы қажеттіліктерін өтейді. Жайық өзенінен су алуды 10%-ға төмендету есебінен Атыраудың қоршаған ортасының жағдайын жақсартуға септігін тигізетін TAZALYQ жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте Атырау МӨЗ-нің тазартылған ағындарының бір бөлігі қайта пайдалану үшін зауытқа жіберілетін болады.

«Жасыл» технологияларды дамыту саласында ҚМГ 2021 жылы ірі халықаралық компаниялармен бірқатар келісім жасасты. ҚМГ Eni компаниясымен ЖЭК-тен электр энергиясын өндіру және сату үшін энергетикалық ауысу жобаларын әзірлеу саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті. Shell компаниясымен бірге көміртекті ұстау, кәдеге жарату және сақтау (ағылш. Carbon Capture Utilization & Storage, CCUS) жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру мүмкіндігі зерттелуде. Бұл технологияның маңыздылығы - оның бүкіл энергетикалық жүйеде шығарындыларды азайту қабілетінде. ҚМГ Linde компаниясымен бірлесіп, табиғи газды шикізат ретінде пайдалана отырып, сутегі мен аммиак өндіру перспективаларын зерттеуге кірісті.

Әлеуметтік жауапкершілік

Компанияның дамуы қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Қызметкерлерді дамытуда біз меритократия, әділдік қағидаттарын ұстанамыз, тең мүмкіндіктер ұсынамыз және әрбір қызметкердің ортақ мақсаттарға қол жеткізудегі үлесін бағалаймыз. Жалақы жыл сайын инфляциялық көрсеткіштер ескеріле отырып индекстеледі.

Ұжымдық шарттар аясында ҚМГ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ жұмыс істемейтін зейнеткерлерге әлеуметтік қолдаудың 35 түрін көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда 2021 жылы ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шығындары 21 млрд теңгеден 22 млрд теңгеге дейін өсті.

Компания ҚМГ мен мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері арасындағы жалақы айырмашылығын қысқарту бойынша шаралар кешенін қабылдады. Мердігерлік ұйымдарда сыйлықақы беру жүйесі енгізілді, сондай-ақ кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылды. Нәтижесінде мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті. Сонымен қатар 2022 жылдың басында Компания ҚМГ қызметкерлерінің жалақысын Корпоративтік орталықта 10%-ға және қызметін жүзеге асыратын өңірлерде 30%-ға дейін ұлғайтты.

Қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жоғары стандарттардың сақталуын да білдіреді, бұл Компания қызметінің басымдығы болып қала береді. Еншілес компаниялардың бірінші басшылары жергілікті жерлердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жеке жауапкершілік көтереді. Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту мақсатында 2021 жылы 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Көлік қауіпсіздігінің деңгейін арттыру, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру және бірыңғай орталықтандырылған цифрлық платформаны құру үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-да «Сапарларды басқару» атты пилоттық жоба іске асырылды, оны 2022 жылдан бастап басқа еншілес және тәуелді ұйымдарға тарату жоспарланып отыр. Сондай-ақ ҚМГ-ның COVID-19 індетін таратпау бойынша қабылдаған алдын алу шараларын атап өткім келеді. 2021 жылдың соңында ҚМГ компаниялар тобында 50 мыңнан астам қызметкер вакциналанды, қызметкерлердің 73% -ы вакциналаудың толық курсын алды.

Ірі салық төлеуші ретінде ҚМГ 2021 жылы 787 млрд теңге мөлшерінде салықтар мен ел бюджетіне төленетін басқа да міндетті төлемдерді төледі. Акционерлерге төленген дивидендтердің мөлшері 56 млрд теңгені құрады.

Қорытынды

2021 жылдың қорытындысы Компанияның адамдарға және қоршаған ортаға деген жауапкершілігімен қатар, өзінің орнықтылығы мен қызметтің жаңа салаларын дамыту қабілеті арасындағы балансты сақтай алатынын көрсетеді.

Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының төрағасы