ҚМГ даму стратегиясы

ҚМГ 2022-2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясын бекіту

Тігінен интеграцияланған ұлттық мұнай-газ компаниясы ретінде ҚМГ өзінің алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындайды, күш-жігерін елдің мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға шоғырландырады және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуде Үкіметке жәрдемдеседі.

2017 жылға дейін Компания инвестициялар мен сатып алу есебінен қарқынды өсу стратегиясын іске асырды, оларды қаржыландыру қарыз капиталы жолымен жүргізілді, бұл ҚМГ борышының жоғары деңгейінің негізгі себебі болды. Компания ірі активтерді сатып алуды жүзеге асыра алды, көмірсутек қорларын арттырды, мұнай өңдеу қуаттарын жаңғыртуды жүргізді, ел ішінде және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде мұнай мен газды тасымалдау және экспорттау үшін жаңа инфрақұрылымды кеңейтіп құрды. Бұл экономиканың дәйекті дамуын қамтамасыз етті және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосты.

Компанияның 2018 жылы қабылдаған Даму стратегиясы біртіндеп органикалық өсуге бағытталған және ең бастысы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негізделген. Компания негізінен осы жылдар ішінде өзінің алдында тұрған орта мерзімді міндеттердін орындады.

2020 жылы әлемдік дағдарыстың жағымсыз салдарын еңсеру мақсатында ҚМГ 2020-2021 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі. ҚМГ ОПЕК + келісімі аясында мұнай мен конденсат өндіруді қысқарту бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындады, қызметтің барлық бағыттарында өндірістік процестің үздіксіздігін қамтамасыз етті, қаржылық тұрақтылығын сақтады, даму жобаларына инвестицияларды іске асыруды жалғастырды және болашақ өсу үшін әлеуетін сақтап қалды.

Әлемдік трендтердің өзгеруі, стейкхолдерлердің мүддесіндегі жаңа стратегиялық міндеттер, сондай-ақ Компанияның жаңа мүмкіндіктері ҚМГ 2021 жылы өзінің даму стратегиясын өзектендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуіне себеп болды, оның барысында 2031 жылға дейінгі алдағы 10 жылдық кезеңге арналған басым мақсаттарын айқындады.

Компанияның бүгінгі күннің сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатын және ҚМГ-ның одан әрі ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін жаңа пайымы, миссиясы және стратегиялық мақсаттары тұжырымдалды.

ҚМГ дамуының негізгі бағыттары

2031 жылға дейінгі жаңа Даму стратегиясының аясында ҚМГ негізгі қызметіне баса назар аударады және барлық негізгі сегменттерде органикалық өсуді және операциялық қызметті жақсартуды қамтамасыз етуге ұмтылады.

Пайымы

Қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына және тұрақты даму қағидаттарына жауап беретін, қаржылық нәтижені барынша арттыруға бағдарланған тігінен интеграцияланған ұлттық мұнай-газ компаниясы.

Миссиясы

Біз энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін болашақ ұрпаққа деген қамқорлықпен табиғи ресурстарды тиімді және ұтымды игереміз.

Акционерлердің негізгі басымдықтары

  • Портфельді тиімді басқару
  • Жауапты инвестициялар
  • Тұрақты даму