Директорлар кеңесі төрағасының үндеуі

Құрметті инвесторлар, акционерлер, әріптестер мен серіктестер!

Кристофер Уолтон

2021 жыл Компания ішінде, сондай-ақ ел ауқымындағы және жаһандық деңгейдегі оқиғаларға толы болды. Пандемия шектеулері жеңілдетіліп, біз жаһандық экономика мен мұнай-газ саласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне оң әсер еткен әлемдік іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуінің куәгері болдық. 2021 жылы ҚМГ көрсеткіштері бірқатар бағыттар бойынша жақсарды. Сонымен қатар, COVID-19-дан вакцина алған адамдар санының өсуіне байланысты инфекцияны жұқтыру жағдайлары азайып, індеттен көз жұмғандардың саны да күрт төмендегінін атап өткен жөн. Дегенмен, пандемиямен күрес әлі де жалғасуда.

ҚМГ жаңа стратегиясы

Пандемия, әлемдегі сын-қатерлер мен елдегі өзгерістер Компанияның қызметін, оның негізгі басымдықтары мен адамдардың өміріне қосатын үлесін жаңадан қайта қарастыруға ықпал етті. Біз мұнай-газ саладасында мемлекеттің мүддесін қорғайтын Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің көшбасшысы ретінде ҚМГ жауапкершілігі барлық ағымдағы стейкхолдерлер алдында, сондай-ақ болашақ ұрпақтар алдында арта түсетінін жете түсінеміз. Есепті жылы біз даму стратегиямызды жандандырып, алдағы 10 жылға арналған стратегиялық міндеттерді жаңарттық. Компанияның стратегиялық мақсаттары ресурстық базаны ұлғайтуды, операциялық тиімділікті арттыруды, өндірілетін өнімдер портфелін кеңейтуді, тұрақты дамуды қамтамасыз етіді және өндірістің көміртек сыйымдылығын үдемелі төмендетуді қамтиды. Бұл ретте 2021 жылғы қарашада ҚМГ-ның газ тасымалдау және маркетингі жөніндегі бизнес бағыты еліміздің газ саласын жан-жақты дамыту үшін негізгі акционер «Самұрық-Қазына» АҚ-ға берілді. Бизнесті әртараптандыру аясында Компания өз қызметінің перспективалық бағыты ретінде мұнай-химияны дамытуды жалғастыруда.

Компания көмірсутекті өндіру жөніндегі дәстүрлі қызметін сақтай отырып, жұмыс істеп тұрған кен орындарында жете барлау және жаңа алаңдарда барлау арқылы органикалық және бейорганикалық өсу жолымен қорлардың өсімін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл ретте, ҚМГ серіктестік шарттармен ірі халықаралық мұнай-газ компанияларымен белсене ынтымақтасуда.

ҚМГ операциялық тиімділігін арттыру мақсатында операциялық активтердегі өндіру деңгейін тұрақтандыруға, жаңа кен орындарында өнеркәсіптік игеруді бастауға, сондай-ақ ірі мұнай-газ жобаларында өндіру деңгейлерін кеңейту және ұзарту жобаларын іске асыруға назар аударады. Тасымалдау саласында мұнайдың транзиттік ағындарын сақтау, Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізуді жүзеге асыру, сондай-ақ Қытай бағытына экспортты ұлғайту есебінен жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру жоспарлануда. Жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарының басты міндеті - Қазақстанда мұнай өңдеу тереңдігінің көрсеткішін арттыру және жоғары маржиналды мұнай химиясы өнімін шығару көлемін ұлғайту, сондай-ақ KMG International активтерінде тігінен интеграциялауды күшейту болып табылады. Сонымен қатар алдағы уақытқа маркетинг, сатып алу және қаржы саласында қызметті оңтайландыру бойынша маңызды жұмыс көзделген.

ҚМГ өз қызметін әртараптандыру және болашақ ақша ағындарын тұрақтандыру үшін мұнай химиясы бағытын қарқынды дамытуды жалғастыруда. Бұл өз кезегінде, Компанияның құнын арттыруға ықпал ететін болады. 2022 жылы полипропилен өндіретін KPI зауытын іске қосу және одан әрі халықаралық мұнай-газ компанияларымен стратегиялық әріптестік орната отырып, бутадиен мен полиэтилен шығару жөніндегі жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Біз тұрақты дамуға ерекше назар аударамыз, сондықтан да жаңартылған стратегияда ҚМГ өндірісінің көміртек сыйымдылығын біртіндеп төмендету мақсаттары белгіленген. Бірқатар нақты міндеттер қойылды, олардың орындалуын Директорлар кеңесі жауапты қызметкерлермен тұрақты кездесулерде, сондай-ақ тиісті міндеттерді қызметтің түйінді көрсеткіштеріне (ҚТК) атқарушылық деңгейде енгізу есебінен тұрақты негізде бақылайтын болады.

Директорлар кеңесі деңгейінде біз Компания мен қоғам мүдделері үшін уақытылы шаралар қабылдауға бағытталған қажетті тәсілдер мен жаңа міндеттерді әзірлеу үшін Басқарма мүшелерінен және басқа да орындаушылардан келіп түсетін кері байланысқа міндетті түрде құлақ асамыз.

Жаһандық іскерлік белсенділікті қалпына келтіру

Мұнайға деген әлемдік сұраныстың қалпына келуі және ОПЕК+ тарапынан салынған күш-жігер 2021 жылы көмірсутек бағасы өсуінің негізгі драйверлеріне айналды. Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы 2021 жылы бір баррельге 71 АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 70%-ға артық және соңғы үш жылдағы рекорд болып табылады. Нәтижесінде 2021 жылы ҚМГ таза пайдасы 1 197 млрд теңгеге дейін өсті, ал еркін ақша ағыны 669 млрд теңгеге жетті. Қаржы көрсеткіштерінің өсуінің маңызды факторы 2020 жылы дағдарысқа қарсы шаралар аясында басталған Компанияның шығындарын кешенді оңтайландыру болды.

Тұрақты даму

Компанияның тұрақты дамуы мақсатында Директорлар кеңесі ҚМГ-ның негізгі бизнес-процестерін ESG қағидаттарымен барынша біріктіруге бастамашылық етеді және бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл қызметкерлер өз қызметінің тұрақты дамудың жоғары стандарттарына сай болуын жете түсініп, басшылыққа алып, жүзеге асыруы үшін қажет. 2020 жылы алғаш рет ESG-рейтингі бойынша Басқарма мүшелерінің корпоративтік ҚТК көрсеткіші енгізілді. Есепті жылы осы көрсеткіштің мақсатты индикаторы артты, ал корпоративтік ҚТК арасында тұрақты даму саласындағы нақты жобаларды іске асыру жөніндегі міндеттер белгіленді. Компаниядағы ESG рөлін күшейту жұмысын жалғастыра отырып, 2022 жылы ҚТК-да еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар коэффициентін (LTIR) төмендету бойынша көрсеткіш қосымша белгіленді. Sustainalytics халықаралық рейтингтік агенттігі Компанияның тұрақты даму саласындағы рейтингінің тәуекел көрсеткішін 34,5-тен 28,4 балға дейін жақсартты, бұл ҚМГ-ның Халықаралық мұнай-газ нарығындағы елеулі ESG тәуекелдерін басқарудағы мықты позициясын көрсетіп отыр.

Есепті жылы Директорлар кеңесі төмен көміртекті дамыту бағдарламасын бекітті. Құжат энергия тиімділігі мен ресурс үнемдеуді арттыру есебінен көміртек ізін төмендетудің ағымдағы мүмкіндіктерін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) негізінде декарбонизациялау, СО2 ұстау, пайдалану және сақтау, орман көміртегі жобалары, сутегі өндірісі үшін қызметтің қосымша бағыттарын қамтиды. ҚМГ парниктік газдар шығарындыларын 2019 жылғы деңгейден 2031 жылға дейін 15%-ға төмендету бойынша алдын ала мақсаттарын айқындады, бұл СО2 1,6 млн тоннасына сәйкес келеді. Бағдарламаның міндеттерін тиімді іске асыру мақсатында Компанияда білікті мамандар командасын тарта отырып, төмен көміртекті дамыту жөніндегі жобалау офисі құрылды.

2021 жылы негізгі акционер «Самұрық-Қазына» АҚ бастамасымен корпоративтік басқарудың диагностикасы жүргізілді. ВВВ рейтингісі бар осы диагностиканың нәтижесі «ВB» рейтингі берілген 2018 жылмен салыстырғанда, Компанияның корпоративтік басқару жүйесінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетті. Диагностика оң трендтердің ішінде Директорлар кеңесі мен атқарушы органның тиімділігі, тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және аудит, тұрақты даму саласындағы айтарлықтай жақсарғанын көруге болады. Бұл корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі жоспарлы жұмыстың жоғары нәтижелігін растайды және таңдалған бағыттың дұрыстығын айқындайды.

Адамдарға қамқорлық

ҚМГ еңбек қызметі аясында қызметкерлер арасындағы жазатайым оқиғаларға қатысты мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстана отырып, өндірістік нәтижелерден гөрі қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына үлкен басымдық береді. Өткен жылмен салыстырғанда есепті жылы еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалар саны 30-дан 28 жағдайға дейін азайды.

Өкінішке қарай, есепті жылы Румыниядағы Петромидия МӨЗ-де өрт шығып, салдарынан үш адам қайтыс болды. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

Адамдарға қамқорлық тек Компания қызметкерлерімен ғана шектелмейді. ҚМГ өз қызметін жүргізетін өңірлердің дамуына белсене қатысып, халықтың мұқтаж топтарына әлеуметтік көмек көрсетеді. 2021 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін, әмбебап спорт кешендерін, медициналық пункттерді және тағы басқаларын қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қорытынды

2021 жылы іскерлік белсенділік көрсеткіштерін қалпына келтірумен қатар, біз жаһандық бизнеске елеулі әсер ететін 2022 жылы басталған әлемдік қауымдастықтағы геосаяси өзгерістердің куәсі болдық. Өңірдегі мұнай-газ саласына және соның ішінде Компания қызметіне теріс әсер ету тәуекелдері бар. Прагматикалық тәсілді ұстана отырып, біз ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмысты мақсатты түрде жүргіздік, борышты қысқарттық, өнеркәсіптік активтерді жаңарттық, инфрақұрылымды жақсарттық және қызметімізді әртараптандырдық. ҚМГ-ның қиындықтарды жеңуде оң тәжірибесі бар және оны қазіргі кезде тұрақтылықты сақтау үшін барынша қолданады. Біз жарқын болашағымызға сенеміз және мұнай-газ бизнесіндегі жаңа жағдайларға бейімделуге дайынбыз.

Кристофер Уолтон, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы