Қызметін жүзеге асыратын өңірлерді дамыту
ҚМГ қызметін жүзеге асыратын өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Компания жергілікті басқару органдарымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды және негізгі мүдделі тараптармен тұрақты диалогты қолдайды, жас білікті мамандарды дамытуда және даярлауда белсенді жұмыс жүргізеді, ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетеді, оффтейк-шарттарға қол қою арқылы отандық өндірушілерді қолдауға ұмтылады. ҚМГ кәсіпорындары жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және кешенді даму жоспары шеңберінде әлеуметтік маңызы бар объектілерді, спорт кешендерінің құрылысын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және т. б. қаржыландыруды жүзеге асырады.
ҚМГ еншілес ұйымдарының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарында өндірістік қатысу өңірлерін дамытуға және халықтың мұқтаж топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге айтарлықтай ақша қаражатын бөлу көзделген, сондай-ақ облыстардың әкімдіктерімен жасалған келісімдер мен меморандумдар негізінде ҚМГ ЕТҰ қаражатты жергілікті қоғамдастықтардың қажеттіліктерін негізге ала отырып, қаражатты бөлетін жергілікті атқарушы органдарға аударады. Сонымен қатар, ҚМГ Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, өз міндеттемелерін уақытылы орындайды. 2021 жылы ҚМГ тобы бойынша осы мақсаттарға 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Кешенді даму жоспарының аясында «Өзенмұнайгаз» АҚ Жаңаөзен қаласы әкімдігінің «Өзенинвест» МКК коммуналдық шаруашылық объектілерін ұстап-күту қызметін кеңейту (350 жұмыс орнына дейін) бойынша шаралар қабылдау, Жаңаөзен қаласының жастары қатарынан жұмысқа орналасқан азаматтар үшін Ақтау қаласының жатақханаларында тұрғаны үшін жалдау ақысын қаржыландыру, Жаңаөзен қаласы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарын көшіру үшін, кейіннен коммуналдық тұрғын үй қорына бере отырып, Ақтау қаласында тұрғын үй сатып алу, Жаңаөзен қаласында әмбебап спорт кешендерін жобалауды ескергенде, осы кешендерді салуға арналған шығыстарды қаржыландыру сияқты іс-шараларды жалпы сомасы 3 млрдтеңге мөлшерінде қаржыландырды.
«Өзенмұнайгаз» АҚ Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 900 млн теңге бөлді.
«Ембімұнайгаз» АҚ «Тасшағыл» ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысына 200 млн теңге көлемінде; «Махамбет» ауылында 160 орындық спорт кешенінің құрылысына 132 млн теңгеден астам; «Асан» ауылында медициналық пункттің құрылысына 83 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Маңғыстау облысының әкімдігімен қол қойылған келісімнің шеңберінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға 300 млн теңге сомасында көмек көрсетті. Сонымен қатар, өңірдегі жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарынан семіртілген малды сатып алу жолымен өңір тұрғындарын қолжетімді төмен нарықтық бағамен етпен қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ қуаңшылыққа байланысты облыстың ауыл шаруашылығына көмек көрсету мақсатында малға азық дайындау үшін көлік шығындарын өтеуге «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 100 тонна көлемінде дизель отынын бөлу арқылы шамамен 60 млн теңге бөлді.
«Қазгермұнай» БК ЖШС Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына шамамен 145 млнтеңге көлемінде қаржы бөлді.
«Қаражанбасмұнай» АҚ Маңғыстау облысының әкімдігімен қол қойылған келісімнің негізінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына 230 млн теңге аударды.
Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына «Қазақтүрікмұнай» ЖШС 45 млн теңге, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС 100 млн теңге бөлді.
Демеушілік және қайырымдылық
Компанияның қайырымдылық және демеушілік қызметін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы болып табылатын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.
Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық қызметі адамдарға, әлеуметтік және медициналық сектордағы қоғамдастықтарға көмек көрсетуге, медиа және мәдени қоғамдастықты дамытуға, адам әлеуетін дамытуға, еңбек қатынастарын, ұлтаралық қатынастарды нығайтуға, қоғамның орнықты дамуына инвестиция салуға, өңірлік бизнес-бастамаларды қолдауға бағытталған.
COVID-19 пандемиясына байланысты іс-шаралар
ҚМГ COVID-19 короновирустық инфекция пандемиясы басталғаннан бері компаниялар тобы бойынша КВИ ауруының алдын алу және таралуына жол бермеу үшін көптеген алгоритмдер мен іс-шараларды енгізді. COVID-19-бен күресуде жинақталған тәжірибе 2021 жылы өндірістік процестердің тоқтап қалуына жол бермеді.
2021 жылы ҚМГ компаниялар тобы бойынша эпидемияға қарсы іс-қимыл бойынша белгіленген регламенттерге сәйкес профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілуде.
ҚМГ компанияларының тобы вакцинация бойынша мемлекеттік науқанды қолдады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және ҚМГ компаниялар тобының өндірістік объектілері қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметкерлер арасында вакциналауды ынталандыру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды.
Компаниялар тобы бойынша 2021 жылдың соңында 50 мың қызметкер вакцина алды, бұл жалпы санының 76%-ын құрайды. Екі компонентті қамтитын толық вакцинация курсын алғандардың саны 48 мың қызметкер, бұл 73%-ды құрайды.
Студенттермен және жас мамандармен жұмыс жасау
Өсіп келе жатқан жаһандану және өнеркәсіптегі үздіксіз өзгерістер аясында түлектерге қойылатын біліктілік талаптар артуда. ҚМГ компанияларының тобы бойынша жаңа жас буын мамандарын даярлауға және білім алушылардың кәсіби қасиеттерін ашу практикасына бағдарланған тәсілдемені дамыту және танымал ету мақсатында оқу орындарымен өзара іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Дуалды оқыту бағдарламасы іске асырылуда - кәсіпорындар мен оқу орындарының тығыз өзара іс-қимылы негізінде білікті қызметкерлерді даярлау: оқушылар жұмыс орнында мамандық алуда. 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде бағдарламаға оқу орындарының 244 студенті қатысты, олардың 98-і - ҚМГ өндірістік кәсіпорындарында, атап айтқанда, «Ембімұнайгаз» АҚ-ға, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-не және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не жұмысқа орналастырылды.
Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасын және Атырау облысында ауқымды екі мұнай-газ химиясы зауытын іске қосуды назарға ала отырып, «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КЕАҚ (бұдан әрі - Университет) базасында мұнай-химия бойынша заманауи білім беру кластерін құру жөніндегі іс-шараларды белсенді түрде іске асырылуда.
«Атырау МӨЗ-і» ЖШС басшылығымен Университеттің бұрынғы «Химия және химиялық технология» кафедрасының материалдық-техникалық базасы толық жаңғыртылды, оның ішінде дәрістік аудиториялар мен химиялық зертханалар толық жаңартылды, олар жиһазбен және жабдықтармен жабдықталды, қолдау бөлмелері жайластырылды және жарақтандырылды. Университеттің базасында Мұнай-химия инженериясы және экология институты ашылды, сондай-ақ студенттердің мұнай, газ және оларды өңдеу өнімдерін зерттеу процестерінде аспаптық физикалық-химиялық талдау әдістерін қолдануда практикалық дағдыларды игеру үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған 12 жаңа зертхана орналасты.
2017 жылы «Самұрық-Қазына» қорының бастамасы бойынша кәсіби ой-өрісі кең жаңа буын басқарушыларын қалыптастыру және дамыту мақсатында «Жас Өркен» және жас мамандарды Қор тобын цифрландыру жобаларына тарту үшін құрылған «Цифрлық жаз» бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарламалардың басты артықшылығы - компанияның тәжірибелі қызметкерлері қатарынан тәлімгерлердің басшылығымен жедел даму. «Жас Өркен» бағдарламасына қатысу кезінде жас мамандар бүкіл Қазақстан бойынша Қордың төрт кәсіпорнында ротациядан өтеді.
Бағдарламаларды іске асыру кезеңінде ҚМГ компаниялары тобында «Жас Өркен» бағдарламасы бойынша ротациядан 61 жас маман өтті, олардың 15-і жұмысқа орналастырылды, «Цифрлық жаз» бағдарламасы бойынша 18 жас маман, оның ішінде жұмыс істеп жүрген студенттер, бағдарламаның үш түлегі жұмысқа орналастырылды.
Ішкі коммуникацияның бірыңғай жүйесі
ҚМГ компанияларының тобында қолданылатын ішкі коммуникацияның бірыңғай жүйесінің регламенті жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында кері байланысты құру мен қолдау және ҚМГ компаниялар тобының еңбек ұжымдарында әлеуметтік-психологиялық ахуалды жақсарту мақсатында құрылды.
Компаниялар тобында ішкі коммуникацияның бірыңғай жүйесінің үлгілік регламенті енгізілді, оның мақсаты - ЕТҰ-да жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында тікелей коммуникацияның тиімді тетіктерін құру және қолдау, қызметкерлерді ЕТҰ-дағы қызметтің мақсаттары мен міндеттері туралы уақытылы хабардар ету, ұйымдағы ағымдағы жағдайды қызметкерлерге жеткізу, ЕТҰ-ның еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-психологиялық ахуал өлшемдерін қадағалау болып табылады.
Ішкі коммуникацияның негізгі түрлері:
- бірінші басшының еңбек ұжымымен жоспарлы есептік кездесуі (жылына екі рет өткізіледі);
- жедел шешім қабылдауды талап ететін мәселелерді талқылау мақсатында кәсіпорын басшылығының кәсіподақтармен, еңбек ұжымымен жоспардан тыс кездесулері;
- корпоративтік ақпараттық сайт, газет;
- бейне хабарландыруға арналған монитор; қызметкерлердің ұсыныстарына арналған жәшік;
- ұжымды шоғырландыру: кәсіби конкурстар, спорттық іс-шаралар, корпоративтік мерекелер және т. б.
Осы регламентте әрбір қызметкердің сұрақтармен жүгіну және уақытылы жауап алу мүмкіндігі қарастырылған.
Пандемия кезеңінде барлық коммуникациялық жүйелер: қызметкерлерді қабылдау, бірінші басшының блогы, ақпараттық стендтер, қызметкерлердің ұсыныстары мен өтініштеріне арналған жәшіктер жұмысын жалғастырды.
Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау
ҚМГ компанияларының тобында ҚМГ ЕТҰ-ның қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері мен нормаларын біріктіретін ҚМГ-ның кәсіпорындары үшін Ұжымдық шарттың үлгілік нысаны қабылданды.
ҚМГ компанияларының тобы бойынша барлық ұжымдық шарттарға сәйкес, әлеуметтік қолдау 35 түр бойынша көрсетіледі. Есепті кезеңде ұжымдық шарттар нормаларының барлық талаптары, кәсіпорындардың қаржы-экономикалық жағдайына қарамастан, ҚМГ-ның барлық кәсіпорындарында толық көлемде сақталды және қолданылады. Әлеуметтік төлемдер көлемі, алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, айтарлықтай өскенін атап өту қажет.
2021 жылы ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға жұмсалған шығындар, кәсіпорындардың жұмыс істемейтін зейнеткерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмекті қоса алғанда, шамамен 22 млрд теңгені құрады.
Өз қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз етумен қатар Компания 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мердігерлік ұйымдардың қызметкерлеріне бала тууына байланысты, 1 қыркүйекте қызметкерлердің балаларына, мүгедек балаларға, Наурыз бен 8 наурызға және т. б. берілетін төлемдерді қамтитын ең төменгі әлеуметтік пакетті енгізу туралы шешім қабылдады.
Көрсеткіш | Үлесі, % |
---|---|
Қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру | 22 |
Бала тууға / жүктілікке және босануға / бала күтімі бойынша демалысқа / мектепке дейінгі балалар мекемелеріне ақы төлеуге / қызметкерлердің балаларын оқытуға / 1 қыркүйекке орай, мектеп керек-жарақтарын сатып алуға байланысты материалдық көмек | 16 |
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға / аса мұқтаж қызметкерлерге / мүгедектерге, жұбайы (зайыбы), бала кезінен мүгедек балалары (1-ші, 2-ші және 3-ші топ) бар қызметкерлерге / қызметкердің / отбасы мүшелерінің қайтыс болуына байланысты / жерлеуді ұйымдастыруға / жалпы еңбекке қабілеттілігінен айрылуына, мүгедектік алуына байланысты материалдық көмек | 14 |
Зейнеткерлерге материалдық көмек | 10 |
Емделу/ ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасында белгіленген лимиттен асып түскен жағдайда операция шығындары / интернационалист-жауынгерлерге (ауғандықтарға) / Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға медициналық емделуге / операцияға ақы төлеуге материалдық көмек / жеңілдікті шарттардың негізінде еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы | 9 |
Қызметкерлердің демалуы / тұрғын үй жағдайларын жақсарту | 9 |
Әлеуметтік қолдаудың өзге де түрлері | 20 |
ЕТҰ-ның мердігерлік ұйымдармен өзара іс-қимылы
Пандемия кезеңінде мердігерлік ұйымдардың тоқтап қалуынан туындаған ықтимал жағымсыз салдарды сезіне отырып, ҚМГ қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын сақтау үшін жұмыс көлемін бөлу арқылы мердігерлік ұйымдарды барынша қолдау, Компания мүдделері мен әлеуметтік-экономикалық жағдай арасындағы балансты қолдау бойынша шаралар қабылдады.
Мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін ҚМГ ЕТҰ-ға мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің айлық тарифтік мөлшерлемелері/лауазымдық айлықақылары ҚМГ ЕТҰ кәсіптерінің ұқсас атауларының айлық тарифтік мөлшерлемелерінің/лауазымдық айлықақыларының 70%-дан төмен болмауы үшін шарттар жасасу кезеңінде мердігерлерге қойылатын талаптарды белгілеуді ұсынады. Осы мақсаттар үшін ҚМГ тобы 2021 жылы 3,8 млрд. теңге, ал 2022 жылы 10,1 млрд. теңгеге дейін қаражат бөлді.
Сонымен қатар, қызметін ҚМГ объектілерінде жүзеге асыратын мердігерлік ұйымдарда тұрақтылықты сақтау үшін ЕТҰ-ның мердігерлік ұйымдармен өзара іс-қимылы кезіндегі қызмет жөніндегі үлгілік регламент енгізіледі. Құжаттың негізгі мақсаты - мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері үшін еңбек қатынастары саласында белгіленген кепілдіктерді сақтау жолымен мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады.
Регламент жеке персоналы бар мердігерлік ұйымдармен шарттар жасасу және олардың орындалуына мониторинг жүргізу кезінде ЕТҰ-ны орындау үшін міндетті және ЕТҰ-ның мердігерлік ұйымдармен жасалатын шарттарының құрамдас бөлігі болады.
Жалпы корпоративтік іс-шаралар
ҚМГ компаниялары тобында жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіледі. Салауатты өмір салтын насихаттау және кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында Спартакиада және "Үздік Маман" сияқты іс-шаралар өткізіледі.
Сондай-ақ ҚМГ компанияларының тобы бойынша Жастар кеңестері құрылды, олардың мұшелері түрлі мәдени-бұқаралық іс-шараларға, шеберлік сыныптарына және т. б. қатысады.
Алайда, COVID-19 пандемиясы кезінде ешқандай бұқаралық шаралар өткізілген жоқ.