СТРАТЕГИЯ
Нарыққа шолу
Макроэкономика және жаһандық трендтер
Жаһандық үрдістер және олардың ҚМГ стратегиясын іске асыруға әсері
1. Мұнайға әлемдік сұраныс пен бағаның қалпына келуі
2021 жылы сұйық отынды өндіру және тұтыну балансының қарқыны сұраныстың ұсыныстан артық болуымен сипатталды. Бұл туризм мен әуе қатынастарының салыстырмалы түрде қалпына келуіне, сондай-ақ бір жыл бұрынғыдай әлемдік экономика үшін қатаң шектеулердің болмауына байланысты.
АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының (ағылш. The U. S. Energy Information Administration, EIA) мәліметтері бойынша, 2021 жылы сұйық отынды әлемдік тұтыну орташа есеппен тәулігіне 96,9 млн баррельді құрады, бұл COVID-19 пандемиясы салдарынан тұтыну көлемі айтарлықтай төмен болған 2020 жылмен салыстырғанда тәулігіне 5,0 млн баррельге артық.
Бір жылдан артық уақыт ішінде мұнай тұтыну деңгейін оның өндірісінен асып келеді, бұған ОПЕК+ мүшелерінің шикі мұнай өндіру қарқынын тежеуі, АҚШ-тағы мұнай өндірушілер тарапынан инвестициялардың шектелуі және мұнай жеткізудегі басқа да іркілістер ықпалын тигізді. Бұл да әлемдік қорлардан мұнайдың тұрақты алынуына және мұнай бағасының едәуір өсуіне алып келді.
2021 жылы Brent маркалы мұнай бағасы орташа есеппен бір баррельге 70,86 АҚШ доллары деңгейінде саудаланып, 2020 жылмен салыстырғанда 70%-ға артып, пандемияға байланысты шектеулердің жеңілдегенін көрсетеді. EIA деректеріне сәйкес, 2021 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы соңғы үш жылдағы ең жоғары болып табылады.
Жылдың басында Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррельге 50 АҚШ доллары деңгейінде болды және қазан айының соңында бір баррельге 86 АҚШ долл. ең жоғары бағаға жетті. Бұл ОПЕК+ мүшелерінің барынша жоғары бағаны ұстап тұру үшін 2021 жылы өндіру қарқынын шектеу туралы 2020 жылғы желтоқсандағы шешімін көрсетеді. Жылдың соңына қарай баға нарыққа қатысушылардың омикрон штаммының мұнай тұтынудың төмендеуіне кері әсері туралы алаңдаушылығына байланысты ішінара өсті және төмендеді, себебі штамм қатты қауіпті болмаса да, аса жұқпалы болып шықты.
West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай бағасы Brent маркалы мұнай бағасы сияқты құбылып отырды, орташа есеппен бір баррельге 3 АҚШ долларына төмен болды.
ҚМГ дамуының басымдықтары
ҚМГ жалпы өндірістік активтердің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар өткізеді, ОПЕК+ ұйымының мұнайға деген сұранысты қалпына келтіру шараларын қолдайды, сондай-ақ мұнай бағасының төмен болу және әлемдік экономиканың даму деңгейінің төмендеу жағдайларына дайындық бойынша шаралар қабылдайды.
2. Отын-энергетика балансында жаңартылатын энергия көздері кеңеюінің баяулауы
Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында жеткен жетістіктерге қарамастан 2021 жылы көмір мен мұнайды пайдалану көлемі едәуір өскені байқалды. COVID-19 рецессиясынан кейін экономиканың жылдам әрі әркелкі қалпына келуі энергия жүйесіне үлкен ауыртпалық түсіреді, бұл табиғи газ, көмір және электр энергиясы нарықтарында бағаның күрт өсуіне әкеп соғады. Осы себепті тарихта CO2 шығарындыларының жыл сайынғы көлемі бойынша да екінші өсімі байқалады (2020 жылы 31,5 мың тоннадан 2021 жылы 33 мың тоннаға дейін).
Бұл тренд 2021 жылғы мамырда жарияланған EIA басқармасының «2021 жылғы әлемдік энергетиканың даму перспективалары (WEO-2021)» туралы есебінде сипатталған «2050 жылға қарай нөлдік шығарындылар» сценарийімен түйіспейді. Сценарий энергетикамен байланысты көмірқышқыл газының жаһандық шығарындыларын 2050 жылға қарай нөлдік деңгейге дейін азайту және жаһандық температураның 1,5°C деңгейіне көтерілуін тұрақтандыру мақсатын көздейді. EIA есебі 2050 жылға қарай ЖЭК басым болатын таза және тұрақты энергетикалық экономикаға қалай көшуге болатындығы туралы әлемдегі алғашқы жан-жақты зерттеу болып табылады.
Есепте әлемдік экономиканың дамуына байланысты түрлі сценарий сипатталған:
- 2050 жылға қарай таза нөлдік шығарындылар сценарийі – 2050 жылға қарай CO2 шығарындыларының нөлдік деңгейіне жету үшін EIA нормативтік сценарийі, ал дамыған елдер басқаларға қарағанда шығарындылардың нөлдік деңгейіне ертерек жетеді. Сондай-ақ, бұл сценарий Біріккен Ұлттар Ұйымының энергетика саласындағы тұрақты дамуының негізгі мақсаттарына (ТДМ) сәйкес келеді.
- Мәлімделген саясаттар сценарийі тек үкіметтер қабылдаған немесе жариялаған нақты саясатты ескереді. Сценарий бойынша, егер CO2 жылдық шығарындылары ағымдағы траекторияны сақтап қалса, бұл 2100 жылға қарай температураның шамамен 2,7°C көтерілуіне әкеледі (50% ықтималдылықпен).
- Жарияланған міндеттемелер сценарийі шығарындылардың нөлдік деңгейі бойынша барлық жарияланған ұлттық міндеттемелер қазіргі уақытта белгілі бір саясатпен бекітілетініне қарамастан, толық және уақытылы орындалуын көздейді. Сценарий бойынша, егер CO2 жылдық шығарындылары ағымдағы траекторияны сақтап қалса, бұл 2100 жылға қарай температураның шамамен 2,1°C көтерілуіне әкеледі (50% ықтималдылықпен).
- Тұрақты даму сценарийі Париж келісімінде белгіленген нәтижелерге «2°C деңгейінен айтарлықтай төмен» жолмен келетінін білдіреді.
ҚМГ дамуының басымдықтары
2021 жылы ҚМГ 2022-2031 жылдарға арналған Төменкөміртекті дамыту бағдарламасын қабылдады, ол Компанияның көміртек ізін төмендету бойынша негізгі бағыттарын белгілейді. Көміртек ізін қысқарту жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуге мониторинг жүргізу және парник газдарының шығарындылары туралы ақпаратты ашу мақсатында Компания парник газдарының шығарындылары бойынша мониторинг және есептілік әдістемесін әзірлеуді жоспарлап отыр.
3. Газдың рекордтық жоғары бағасы - Қытайдағы жоғары сұраныс пен Еуропадағы энергетикалық дағдарыс
2021 жылы табиғи газды әлемдік тұтыну көлемі 4,6 %-ға өсті, бұл 2020 жылы байқалған төмендеуден екі есе көп. Сұраныстың өсуі экономиканың қалпына келуімен және ауа-райының бірқатар құбылыстарымен байланысты болып отыр. Жыл Азия мен Солтүстік Америкада бағаның өсуіне әкеліп соқтырған суық ауа-райынан басталып, Еуропа мен Азияның негізгі импорт нарықтарындағы табиғи газдың рекордты қымбаттауымен аяқталды. Күтпеген үзілістермен қатар ұсыныстардың артта қалуы нарықтағы тапшылыққа және бағаның күрт өсуіне әкеп соқты, бұл 2021 жылдың екінші жартысында сұраныстың өсуіне кедергі келтірді.
2021 жылы Азияда газға сұраныс 7%-ға артты. Солтүстік-Шығыс Азияға Азиядағы таза өсудің 82%-нан астамы тиесілі, бұл суық қыс пен ыстық жаздың және ара-тұра болған құрғақшылыққа байланысты орын алды. 2021 жылы Азиядағы тұтынудың жалпы өсуінің 69%-ы Қытайға тиесілі болды.
2021 жыл бойы Еуропада газ тұтыну шамамен 5,5%-ға (немесе 30 млрд текше метрге) өсті. 2021 жылдың бірінші жартысында әдәуір өсімінен кейін (2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13%-ға) Еуропада газға сұраныс бағаның өсуіне байланысты 3-ші тоқсанда шамамен 5%-ға төмендеді және 4-ші тоқсанда солай болып қалды, бұл энергетикалық секторда газдан көмірге көшуге әкелді.
ҚМГ дамуының басымдықтары
2021 жылғы 9 қарашада «ҚазТрансГаз» АҚ (кейіннен «QazaqGaz» АҚ) акцияларының 100%-ы ҚМГ-ден «Самұрық-Қазына» АҚ пайдасына берілді. Осылайша, «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық компания мәртебесін алды, сонымен қатар газ және газ конденсатын кен орындарында барлау мен өндіру бойынша басым құқыққа ие болды. ҚМГ Қазақстанның газ саласын жаңғыртуға және әртараптандыруға жәрдемдесуге ниетті және осы бағыт бойынша «ҚазТрансГаз» АҚ-мен ынтымақтастықты жалғастырады.
4. Мұнай-газ химиясы өніміне сұраныстың ұзақ мерзімді өсуі
Салыстырмалы қысқа тарихи кезеңде мұнай-газ химиясы барлық дерлік континенттерде берік позицияға ие болды және оның үлесі көптеген ел экономикасы құрылымында 10%-ға дейін құрайды. Research and Markets деректеріне сәйкес, әлемдік мұнай-химия нарығы 2020 жылы 365,0 млрд. АҚШ долларынан 2021 жылы 429,1 млрд АҚШ долларына дейін өсті, бұл ретте орташа жылдық өсу қарқыны 17,6% болды. 2028 жылға қарай әлемдік мұнай-химия нарығының көлемі 860,8 млрд АҚШ долларына жетеді деп күтілуде.
Соңғы онжылдықта жаңа химиялық активтерге инвестициялар, негізінен, Қытайда, Солтүстік Америкада және Таяу Шығыста салынды, олардың әрқайсысында тез дамып келе жатқан нарықтар мен ішкі энергетикалық және шикізаттық артықшылықтарды қоса алғанда, инвестиция салу үшін бірегей қозғаушы күш бар. Материктік Қытайдың инвестициялары көмірден химиялық заттарды өндіруге және пропилен өндірудің арнайы процестеріне бағытталған, бірақ жақында экологиялық бақылау шараларын, әсіресе көмірге негізделген химикаттарды енгізу салдарынан өсу баяулады.
Азия-Тынық мұхиты өңірі әлемдік мұнай-химия нарығындағы ең үлкен аймақ болған, ол 2021 жылы нарықтың 48%-ын алып жатты. Солтүстік Америка екінші ірі аймақ (15%), ал Үнді субконтиненті әлемдік мұнай-химия нарығындағы ең кіші аймақ болды. Болжам бойынша Азия-Тынық мұхиты өңірінде таяу болашақта ең жоғары орташа жылдық өсу қарқыны болады, оған шикі мұнайды өңдеу қуаттарының ұлғаюы, халықтың өсуі және қалың бұқараның өмір сүру деңгейінің артуы сияқты факторлар оң әсер етеді.
ҚМГ дамуының басымдықтары
ҚМГ полипропилен және полиэтилен өндіру бойынша мұнай-газ химиясы жобаларын дамытуда, сондай-ақ бутадиен өндіру жөніндегі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. 2021 жылдың соңында Атырау облысындағы KPI газ-химия кешенінде қуаты жылына 500 мың тоннаға жететін, 65-тен астам түрлі маркалы полипропилен өндіретін зауыттың негізгі құрылысы аяқталды. Жоба ішкі нарықтың полипропиленге сұранысын толығымен өтеуге және өнімді халықаралық нарықтарға экспорттауға мүмкіндік береді.
5. Цифрлық технологиялардың жедел дамуы мен қолданылуы. Бизнес-процестерді цифрландыру және автоматтандыру
Соңғы жылдары мұнай-газ ұйымдарындағы технологиялық инновациялардың қарқыны едәуір ілгеріледі. Әлеуметтік, мобильдік, талдамалық және «бұлтты» технологиялар компаниялардың технологиялық дамуының негізіне айналуда.
Жаһандық зерттеулер таяу жылдары мұнай-газ саласына барынша зор әсер ететін негізгі трендтерді атап көрсетеді: DARQ технологияларын пайдалану, технологиялық бірегейлік, қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жаңа технологиялық шешімдермен күшейту, киберқауіпсіздік тәуекелдерін басқару және «шұғыл нарықта» жұмыс істеуге дайын болу және т.б.
COVID-19 пандемиясы мұнай ұңғымалары мен мұнай өңдеу зауыттарын қашықтан бақылауды қолдау үшін датчиктерді, заттар интернетін және «бұлтты» есептеулерді қолдануды тездетті. Бұл үрдіс бүгінгі күні де сақталып отыр. Есептеу технологияларын, ауқымды деректерді, «бұлтты» технологияларды және машиналық оқытуды қолдану активтердің өнімділігін оңтайландыруды және қашықтағы операциялардың орындалуын қамтамасыз етеді.
ҚМГ дамуының басымдықтары
ҚМГ-ның негізгі процестері автоматтандырылған, жекелеген процестер мен жүйелер бір-бірімен ішінара біріктірілген. Компанияда түрлі цифрлық бастамалар жүзеге асырылып жатыр, бұл дегеніміз қазіргі уақытта ҚМГ бизнес қойған міндеттерді шешетінін, яғни қандай да бір болмасын реактивті цифрландыруды ұстанатынын көрсетеді.
Кемелденудің ағымдағы деңгейін ескере отырып, цифрландыру өндірістің нақты бизнес-проблемаларын шешетін және тікелей қаржылық пайда әкелетін нақты бастамаларды енгізуге назар аудара отырып, идеяларды іздеу кезеңінде бизнесті міндетті түрде тарта отырып, жекелеген ЕТҰ қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бастамаларды іске асыруға бағытталатын болады. Түптеп келгенде бұл негізгі қызметтің түйінді көрсеткіштерінің тиімділігін арттыруға, жетуге және арттыруға бағытталған корпоративтік бизнес-процестерді автоматтандыру мен цифрландыру деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.
Компанияның цифрландыру жөніндегі іс-шараларының бірі ҚМГ-ның экологиялық мониторингінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (ЭМААЖ) әзірлеу және енгізу жөніндегі жобасы болып табылады. Жүйе қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті кешенді автоматтандыруға, атап айтқанда, оның жай-күйі туралы ақпаратты жинауға, сақтауға, өңдеуге, талдауға арналған. Оны пайдалануға ҚМГ компаниялар тобының мүдделі қызметкерлері рұқсат ала алады.
6. Инвестициялық қауымдастықта ESG тұрақты дамуы мен қаржы құралдарының маңыздылығы артуда. Мұнай-газ саласында көміртекті бейтараптыққа көшу тренді
2021 жылы Глазго қаласында 2020 жылы мерзімі ауыстырылған БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясының 26-шы сессиясы өтті. 2015 жылы Париж келісіміне қол қойылғаннан кейін әр 5 жыл сайын әрбір ел шығарындыларды азайту жоспарларын ұсынады немесе жаңартады, бұл ұлттық деңгейде анықталған салымдар деп аталады. Экологиялық таза энергетикаға көшу туралы қол қойылған мәлімдеме аясында 40-тан астам ел 2030 жылға қарай – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер үшін және 2040 жылға қарай бүкіл әлемде көмірден бас тартуға, сондай-ақ көмірмен жұмыс істейтін жаңа электр станцияларын мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатуға міндеттенді. Сондай-ақ мәлімдемеге сәйкес, 2030 жылға қарай ЖЭК-ке салынатын жыл сайынғы халықаралық инвестициялар үш есе өсуі тиіс.
Қазіргі уақытта жасыл облигациялар ұлттық деңгейде анықталған салымдарда (ОДАС) баяндалған жеңілдету және бейімдеу мақсаттарына қол жеткізу үшін капиталды тарту құралы ретінде қарастырылады.
2016 жылы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясының 22-шы сессиясында аталған басты мақсаттардың бірі – «жасыл» қаржыландыруға салынатын инвестициялардың мөлшерін 1 трлн АҚШ долларына жеткізу болды. Climate Bonds Initiative бағалауы бойынша «жасыл» инвестициялардың ағымдағы өсу траекториясы 2022 жылы осы салым деңгейіне және 2025 жылға қарай 5 трлн АҚШ долларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы онжылдықта аталған көрсеткіштерге жету капиталдың климаттық шешімдерге жаппай көшуінің негізгі көрсеткіші болып табылады.
2021 жылы «жасыл» инвестициялардың әлемдік көлемінің ең көп үлесі ЖЭК секторына, одан кейін төменкөміртекті құрылыс пен көлік секторына тиесілі болды.
АҚШ пен Германия жетекші позицияларын, бірінші және екінші орындарды сақтап қалды. Франция, 2020 жылы жасыл инвестициялардың көлемі бойынша үшінші ірі эмитент елі, 2021 жылы бір позицияға көтерілген Қытайға жол берді. Қазақстан көмірсутек энергетикасынан ЖЭК-ке енді көше бастады. «Астана" халықаралық қаржы орталығының (AIFC) жасыл қаржы орталығының (GFC) деректеріне сәйкес, Қазақстандағы «жасыл» бондтардың жалпы шығару көлемі 250 млн АҚШ долларынан асады. Сондай-ақ ҚМГ ұзақ мерзімді перспективада 2022-2031 жылдары ҚМГ-ның төменкөміртекті дамыту бағдарламасын іске асыру үшін инвестициялардың қосымша көзі ретінде «жасыл» бондтарды шығару мүмкіндігін қарастыруы ықтимал.
ҚМГ дамуының басымдықтары
ҚМГ әлеуметтік-жауапты бизнес жолымен жүруді жалғастырады, қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесін жетілдіреді, тұрақты даму мәселелері бойынша барлық мүдделі тараптармен тұрақты диалог жүргізеді, қызметін жүзеге асыратын өңірлерде қоршаған ортаны сақтау және әлеуметтік тұрақтылық мәселелеріне елеулі назар аударады. Осылайша, Компания қызметінің маңызды ESG аспектілері туралы мүдделі тараптар алдында ашық коммуникацияларды, хабардар ету және тұрақты есептілікті қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындайды.
Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF), Creon Group және Сараптамалық кредиттік рейтинг агенттігі өткізген еуразиялық «"Мұнай-газ компанияларының экологиялық ақпаратының ашықтығы рейтингі» - 2021 қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қазақстандық компаниялар арасында бесінші жыл қатарынан бірінші орын алып отыр.
Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ екі жыл қатарынан 96 ұйым арасында PwC Kazakhstan өткізетін корпоративтік есептердегі қаржылық емес ақпаратты ашу бойынша 50 үздік компания рейтингісінде бірінші орынды иеленді. Зерттеу шеңберінде қазақстандық компаниялардың 2021 жылы жарияланған жылдық есептерінде және тұрақты дамуы туралы есептеріндегі ESG-ақпараттың сапасы мен қолжетімділігі бағаланды. Рейтингтің мақсаты - компаниялардың ESG-ақпаратты қалай ашатынын бағалау, үздік тәжірибелерді анықтау және одан әрі даму үшін ұсыныстар беру.
Ішкі драйверлер және олардың стратегияның іске асырылуына әсері
1. 2021 жылғы Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуы
EIA деректері бойынша, Қазақстан 1911 жылдан бері мұнай өндіріп келеді, бұрынғы кеңестік республикалар арасында Ресей Федерациясынан кейін мұнай қорының көлемі бойынша екінші және мұнай өндіру бойынша да екінші орында тұр.
Мұнай-газ индустриясы көмірсутек шикізатының (КСШ) едәуір қорының арқасында Қазақстан экономикасының негізгі секторы болып табылады. 2021 жылғы қазанда жарияланған бесінші Ұлттық энергетикалық баяндамасында «KAZENERGY» қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының бағалауы бойынша басқа да іргелес (тасымалдау, өндіру нысандарының құрылысы және геология сияқты) секторламен бірге бұл сала Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 17%-ын құрайды. Шикі мұнай және табиғи газ өндіру секторы 2021 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының 28%-ын тартты. Шикі мұнай, табиғи газ және мұнай өнімдері экспортының үлесі 2021 жылы Қазақстанның барлық экспортының 57%-ын құрады.
Соңғы онжылдықтарда өндірістің кеңеюі елдің әлемдік көмірсутектер нарығындағы орнын едәуір нығайтты. BP деректеріне сәйкес Әлемдік энергетиканың статистикалық шолуында (2021 жылғы шілде) Қазақстан дәлелденген қорлар бойынша әлемде 12-ші орын алады.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының деректері мен талдауына сәйкес, Қазақстанда 2021 жылы 85,9 млн тонна шикі мұнай және газ конденсаты (тиісінше, 83,3 млн тонна және 2,5 млн тонна) өндірілді, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 0,3%-ға артты. Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, мұнай экспорты 67,6 млн тоннаны құрады. Газ өндіру 2020 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға төмендеп, 2021 жылы 53,8 млрд м3 құрады. Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, газ экспорты 7,7 млрд м3 құрады.
Энергетика министрлігінің 2021 жылғы желтоқсан айының соңындағы жоспарына сәйкес, Қазақстанда 2022 жылы мұнай өндіру 87,5 млн тонна деңгейінде күтіледі. Сонымен қатар 28,73 млн тонна «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО), 14,9 млн тонна Қашаған және 10,87 млн тонна Қарашығанақ күшімен өндіріледі деп жоспарлануда. 2022 жылы экспортқа жөнелтілетін мұнайдың болжамды көлемі 67,5 млн тоннаны құрайды.
Мұнай және газ тасымалдау
Қазақстанда мұнай мен газды тасымалдау және өңдеу бойынша заманауи және әртараптандырылған инфрақұрылым құрылған. Дамыған мұнай және газ тасымалдау инфрақұрылымының болуы әлемдік нарықтарға шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Мұнай және газ өңдеу
Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының деректеріне сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 17,03 млн тоннаны құрап, алдыңғы кезеңге қарағанда 7,7%-ға артты. Барлық маркалы бензин өндірісі 4,81 млн тоннаны құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 7,3%-ға ұлғайды. Авиаотын өндірісі 0,587 млн тоннаға дейін ұлғайды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 34%-ға көп.Ал дизель отынын өндіру 4,87 млн тоннаны құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 7%-ға ұлғайғанын көрсетті.
Қазақстанның мұнай-газ индустриясындағы ҚМГ позициясы
ҚМГ – қосылған құнды қалыптастыру тізбегінің барлық кезеңдерінде толық интеграцияланған Қазақстанның мұнай-газ саласының ұлттық көшбасшысы.
2021 жылдың өндіру деңгейі ескеріле отырып, дәлелденген мұнай және конденсат қорларының (1P) еселігі 16.5 жылды құрады, бұл әлемдегі ең ірі халықаралық мұнай компаниялары арасындағы орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары – шамамен 11 жыл (2020 жылдың нәтижелері бойынша). 2021 жылдың өндіру деңгейі ескеріле отырып, ҚМГ-ның дәлелденген және ықтимал мұнай және конденсат қорларының еселігі (2Р) 23,7 жылды құрады.
Компанияның ішкі бағалауына сәйкес ҚМГ 2021 жылдың операциялық нәтижелері бойынша Қазақстанда мұнай және конденсат өндіруде көшбасшы орынға ие. 2021 жылы Қазақстанда мұнай және конденсат өндіру сегментінде ҚМГ үлесі 25%-ды, ал газ өндіру сегментінде - 15%-ды құрады.
Компания 2021 жылы мұнай өңдеу бойынша 82%-деңгейінде нарық үлесімен Қазақстандағы төрт ірі мұнай өңдеу зауытын бақылайды. ҚМГ Қазақстанның үш негізгі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша ірі инвестициялық бағдарламаны іске асырды, бұл мұнай өңдеу қуаттарын ұлғайтуға және мұнай өнімдерінің сапасын жақсартуға, ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірлік нарықтарға мұнай өнімдерінің экспортын кеңейтуге ықпал етті.
ҚМГ басқаруындағы мұнай-көлік инфрақұрылымы әртараптандырылған болып табылады және жоғары транзиттік және экспорттық әлеуетке ие. Мұнайды магистральмен және теңізбен тасымалын қоса алғанда, ҚМГ мұнай тасымалдау сегментіндегі нарық үлесі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 56%-ды құрады.
2021 жылғы 9 қарашада «ҚазТрансГаз» АҚ («QazaqGaz» АҚ) акцияларының 100%-ы ҚМГ-ден «Самұрық-Қазына» АҚ пайдасына берілді. Осылайша, «ҚазТрансГаз» АҚ («QazaqGaz» АҚ) ұлттық компания мәртебесін алды және газ бен газ конденсатын кен орындарында барлау мен өндіру бойынша басым құқыққа ие болды. ҚМГ Қазақстанның газ саласын жаңғыртуға және әртараптандыруға жәрдемдесуге ниетті және осы бағыт бойынша «ҚазТрансГаз» АҚ-мен («QazaqGaz» АҚ) ынтымақтастығын жалғастырады.
Бәсекелестік талдау
ҚМГ дамуының басымдықтары
ҚМГ бар күш-жігерін елдің мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға шоғырландырады және Үкіметке Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуге жәрдемдеседі. Компания мұнай-газ саласында мемлекет мүддесін қорғайды және оған жоғары әлеуметтік жауапкершілік жүктелген. Бизнестің тиімді және орнықты дамуы ұлттық экономикалық бәсекеге қабілеттілікпен, әлеуметтік әл-ауқатпен, табиғи байлықтарды сақтаумен және тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. ҚМГ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін болашақ ұрпаққа қамқорлық жасай отырып, табиғи ресурстарды тиімді және ұтымды игеру жөніндегі өз миссиясын ұстанады. ҚМГ миссиясына сәйкес төрт стратегиялық мақсат айқындалды:
- Компанияның өсуін қамтамасыз етуге арналған жеткілікті ресурстық база,
- Компанияның құны тізбегінің тиімділігін арттыру,
- Бизнесті әртараптандыру және өнімдер портфелін кеңейту,
- Тұрақты даму және өндірістің көміртек сыйымдылығын үдемелі төмендету.
Көмірсутектерді барлау
2. Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласын дамыту
Қазақстан мұнай-газ химиясы өнеркәсібін белсенді дамытуда. Соңғы он жылда жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына байланысты мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің өсуі байқалады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 185 мың тонна деңгейінде күтіледі және 2022 жылдың жоспарларға сәйкес 560 мың тоннаға дейін өседі.
2021 жылдың соңында Атырау облысындағы KPI газ-химия кешенінде қуаты жылына 500 мың тоннаға жететін, 65-тен астам түрлі маркалы полипропилен өндіретін зауыттың негізгі құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, 2021 жылы Шымкент қаласында қуаты 57 мың тонна бензинге арналған октан көтеретін қоспа шығаратын және Атырау қаласында қуаты 57 млн м3 азот және 34 млн м3 құрғақ сығылған ауа шығаратын зауыттар пайдалануға берілді.
Бірқатар ірі жобаларды, атап айтқанда, полиэтилен (1,25 млн. тонна), терефталь қышқылы, полиэтилентерефталат (1,25 млн. тонна) және бутадиен (189 мың тонна) өндіру жобаларын іске асыру жоспарлануда.
ҚМГ дамуының басымдықтары
ҚМГ Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен отандық мұнай-газ химиясы саласын дамыту процесіне жан-жақты тартылатын болады. Мұнай-газ химиясы ұлттық экономика өсуінің тағы бір қозғаушы күшіне айналады, себебі бұл сала еліміз бойынша мультипликативтік әсерге ие.
3. Қазақстанның ОПЕК+ келісіміне қатысуы
ОПЕК+ елдері 2020 жылдың сәуірінде кейіннен өндірісті біртіндеп ұлғайта отырып, мұнай өндіруді қысқарту туралы шешім қабылдады. Қазақстан Үкіметі ОПЕК+ қатысушысы ретінде 2020 жылғы 1 мамырдан бастап мұнай өндіруге уақытша шектеулер енгізді. «Барлау және өндіру жөніндегі операцияларды және көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға уақытша шектеулер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 2020 жылдың соңына дейін ҚМГ-ның белгілі бір кен орындары бойынша шектеулер енгізілді. ҚМГ өзіне алған міндеттемелерді толық орындауда.
ОПЕК+ елдері келісім қатысушылары шектеулерді алып тастағанға дейін 2021 жылғы тамыздан бастап бір айда тәулігіне 400 мың баррельге мұнай өндіру қарқынын ай сайын қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл жоспар негізгі болып табылады. Оны 2022 жылдың көктеміне дейін сақтау жоспарланған. Алайда ОПЕК+ белгісіздігінің жоғары болуына байланысты ай сайын алдағы кезеңге растау немесе қайта қарау үшін онлайн конференциялар өткізеді.
ҚМГ дамуының басымдықтары
Компания қызметіне COVID-19 пандемиясының және ОПЕК+ келісіміне байланысты шектеулердің теріс әсеріне қарамастан, қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар Компанияға жаңа жағдайларға жылдам бейімделуге және қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.
4. Жаңа Экологиялық кодекс
2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексінің нормалары қолданылады. Кодекс ластанудың алдын алу және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың ең озық қолжетімді техникаларды енгізуі жөніндегі шараларды көздейтін «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатына негізделеді. Экологиялық кодекс қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдерін, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақыны және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіруді, сондай-ақ айыппұл санкцияларының айтарлықтай ұлғаюын көздейді. Бұл қоршаған ортаның жағдайын едәуір жақсартуға ықпал етеді. Алғашқы кезеңде мұнай-газ саласын қоса алғанда, ауаны ластаудың 80%-ы тиесілі 50 ірі кәсіпорын жоспарлы түрде озық қолжетімді техникаларға (ОҚТ) көше бастайды.
Жаңа экологиялық кодексті енгізу аясында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық ақпараттың барлық мемлекеттік қорын біріктіретін және . ел операторларының қызметін қолдау мен дамытудың маңызды платформасы болып табылатын
ҚМГ дамуының басымдықтары
ҚМГ өз қызметінің қоршаған ортаға әсерін барынша азайту жөніндегі шараларға жіті назар аударады. ҚМГ еншілес кәсіпорындарда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи ортаға әсерді кешенді бағалау мақсатында бірқатар шараларды орындады. Компанияның цифрландыру жөніндегі іс-шараларының бірі ҚМГ-ның экологиялық мониторингінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін әзірлеу және енгізу жөніндегі жоба болып табылады. Жүйе қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті кешенді автоматтандыруға, атап айтқанда, оның жай-күйі туралы ақпаратты жинауға, сақтауға, өңдеуге, талдауға арналған.
2021 жыл ҚМГ компаниялары тобы бойынша Экология жылы болып жарияланды. Мақсаты – табиғатты қорғау қызметіне назар аударуды арттыру, қоршаған ортаға кері әсерді төмендету, сондай-ақ жаңа экологиялық талаптар мен жаһандық үрдістерге сай болу үшін шаралар қабылдау.
5. Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу доктринасы (стратегиясы)
Қазақстан Республикасында қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізудің доктринасы (стратегиясы) әзірленуде. Стратегия 2060 жылға дейінгі болашақта экономика дамуының екі түрлі сценарийі туралы түсінік береді. Көміртекті бейтараптыққа көшу үшін қажетті инвестицияларды сценарлық талдау және бағалау технологиялық шешімдерді, жүйелі динамика және макроэкономикалық әсерлерді кешенді модельдеу негізінде жүргізіледі.
Климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларының нұсқаларын талдаудан басқа, стратегияда жергілікті экономикалық, әлеуметтік және экологиялық артықшылықтарға қол жеткізуде маңызды рөл атқаратын ПГ шығарындыларын азайту мен көміртек сіңірілуін арттырудың ілеспе пайдасын бағалау мазмұндалған.
Бұдан басқа, стратегияда инвестициялық қызмет пен нарықты дамыту үшін ынталандыруды қамтамасыз ететін реттеуші шаралар, сондай-ақ халықтың хабар болуын арттыру сияқты саясаттың қазіргі кедергілері мен мүмкіндіктері талқыланады. Декарбонизация саясатының макроэкономикалық әсері өткен жылдардағы саясатты жалғастырудың эталонымен салыстырғанда өршіл Климаттық мақсаттары азырақ деп бағаланады.
Климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралардан басқа, климаттың өзгеруіне бейімделу Қазақстан үшін үлкен сын-тегеуірін болып табылады. Стратегияда климаттың өзгеруіне және оның салдарына, мемлекетіміз үшін бейімдеу мақсаттары мен шараларына шолу ұсынылған. Жерді пайдалану және ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және таза энергия саласындағы жобалар сияқты ерекше ұлттық басымдықтарды қоса алғанда, бейімделу және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдардың өзара байланысы талданады.
ҚМГ дамуының басымдықтары
Климаттық жай-күйді және көміртекті реттеуді күшейтудің маңыздылығын ескере отырып, Компания 2022-2031 жылдарға арналған Төменкөміртекті дамыту бағдарламасын бекітті. Бағдарлама төменкөміртекті дамытудың бірыңғай негізін корпоративтік басқарудың ажырамас құрамдас бөлігі ретінде айқындайды және Компанияның көміртек ізін азайту саласындағы қызметін жүйелейді. Негізгі мақсат – ҚМГ-ның климаттық амбицияларын айқындау, қолда бар әлеуетті талдау, дамудың негізгі бағыттарын белгілеу және дайындық деңгейін арттыру арқылы көміртек ізін азайту саласындағы негізгі тәсілдер мен шараларды жүйелеу. Елдік амбициялар мен үміттерді ескере отырып, ҚМГ өз алдына 2031 жылға қарай көмірқышқыл газының шығарындыларын 2019 жылғы шығарындылар деңгейінен 15%-ға немесе 1,6 млн тоннаға қысқарту мақсатын қояды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ҚМГ энергия тиімділігі және энергия үнемдеу жөніндегі қызметті күшейтуді, сондай-ақ ЖЭК-ты өзінің технологиялық мақсаттарында пайдалану әлеуетін арттыруды жоспарлап отыр.
6. Геология саласының 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы
2021 жылы Геологиялық-барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы болып қайта жасалды.
Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасында көптеген полиметалл рудаларының кеніштері игеріліп, кейбір облыстарда жыл сайын мұнай өндіру көлемі төмендеуде. Дегенмен елімізде көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын ашу перспективалары бар.
Сондықтан ұлттық жобаға сәйкес мейілінше аз зерттелген шөгінді бассейндердің мұнай-газ әлеуетін анықтау және тау-кен аудандарындағы «терең горизонттарды» зерттеу көзделіп отыр.
Ұлттық жобаны іске асыру аумақтың зерттелу көлемін арттыруға, пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба геологиялық-барлау жұмыстары кезінде халықты жұмыспен қамту үлесін арттыруға, инвестициялар тартуға және тау-кен байыту комбинаттарын салу мен пайдалану кезінде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
ҚМГ дамуының басымдықтары
Қазақстан Республикасында жаңа қорларды барлау мен әзірлеуді ҚМГ, оның ішінде халықаралық мұнай-газ компанияларымен стратегиялық серіктестік негізінде іске асыратын болады. Қорлар өсімінің тиімділігін арттыру үшін геологиялық-барлау өңдеудің жаңа әдістерін, геологиялық-геофизикалық материалдарға қайта сапалы түсінік беруді және жаңа буын технологияларымен сейсмикалық-барлау жүргізуді қоса алғанда, заманауи технологиялар мен әдістерді қолдана отырып жүргізілетін болады.
7. Қазақстан экономикасы
Пандемия кезінде төтенше жағдай режимі мен шектеу шаралары қолданылған жағдайда өткен жылы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін дағдарысқа қарсы шаралардың үш пакеті - халық пен бизнесті қолдау жөніндегі шұғыл шаралар, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі жедел шаралар, экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар қабылданып, іске асырылды.
Карантиндік шаралардың әлсіреуі және әлемдік экономиканың біртіндеп қалпына келуі нәтижесінде шикізат тауарларына бағаның, сауда және экономикалық белсенділіктің қалпына келуін көрсете отырып, Қазақстанның нақты ЖІӨ өсуі 4,0%-ды құрады. ЖІӨ-нің өсуіне көлік саласы, құрылыс және өнеркәсіп негізгі оң үлесін қосты. Көлік саласының өсуіне жүк айналымы мен жолаушылар айналымы көлемінің ұлғаюы ықпал етті. ЖІӨ-нің өсуіне қарамастан, сауда-саттық саласында құлдырау байқалды. Сауда-саттықтың баяулауына карантиндік шектеулердің алынбауы және сұраныстың төмендеуі кері әсерін тигізді. Дамыған елдерде монетарлық саясаттың күшейе түсуі, басталуы АҚШ долларының нығаюы және дамушы нарықтардан капиталдың жылыстауы теңге қысымына себеп болды. 2021 жылы теңге бағамы 2,6%-ға әлсіреді. Теңге үшін айқындаушы ішкі фактор салымдарды долларсыздандыру/долларландыру қарқыны және төлем балансының жай-күйі болып табылады. Қазақстандық экспорт көлемінің ұлғаюына ықпал ететін мұнай бағасының өсуіне қарамастан, импорт өсуді жалғастырып, теңгеге қысымын көрсетті. Импортқа тәуелділік халық пен бизнестің долларсыздандыруын шектейтін себептердің бірі болып табылады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4%-ды құрады. Бұл деңгей Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 8,5% шегінде, бірақ инфляция бойынша 2021 жылға арналған мақсатты бағдардан жоғары болып тұр. Инфляция бойынша 2022 жылға арналған мақсатты бағдар – 4-6%, 2023 жылдан бастап 4-5%-ға дейін төмендейді. Орта мерзімді перспективада инфляция 2025 жылы 3-4%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Халықтың шектеу шараларына бейімделуіне байланысты тұтынушы сұранысының біртіндеп қалпына келуі, сондай-ақ өндірушілер шығындарының артуы, бүкіл әлемде жеткізілім тізбегінің бұзылуы және серіктес елдердегі инфляцияның өсуі бағаның қымбаттауына әсер етті. Инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыру мақсатында 2021 жылғы қыркүйекте ҚР Үкіметі ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп, «2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін» іске асыруды бастады. Бұл бағаның жалпы өсуіне негізгі үлес қосқан азық-түлік инфляциясын 9,9% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Өз тарапынан ҚР Ұлттық банкі инфляцияны төмендету және инфляциялық болжамдарды тежеу үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырды. Осылайша, 2021 жылғы шілдеден бастап базалық мөлшерлеме жиынтығында үш рет 0,75 т.т. – 9,0-дан 9,75%-ға дейін көтерілді.
ҚМГ дамуының басымдықтары
Қалыптасқан дағдарысқа жауап ретінде ҚМГ 2020-2021 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі және толық көлемде табысты іске асырды, бұл дағдарыстың Компанияға әсерін айтарлықтай жұмсартуға мүмкіндік берді. Дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі мақсаты өндірістік және адами әлеуетті барынша сақтай отырып, Компанияны мұнайдың төмен бағасына бейімдеу болды.
ҚМГ өз қызметінде мұнай-газ саласын дамыту бойынша мемлекеттің негізгі стратегиялық мүдделерін іске асыруға бағдарланады. Компания еліміздің стратегиялық құжаттарын басшылыққа алады және Қазақстан Республикасының экономикасы мен әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған даму бағдарламаларын жүзеге асырады.