Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына шолу
Инвестициялық портфельге шолу
Бүгінгі таңда ҚМГ инвестициялық портфелі ресурстық базаны ұлғайту және Компания құны тізбегінің тиімділігін арттыру мақсатында қызметтің барлық бағыттары бойынша жобаларды қамтиды. 2021 жылға арналған инвестициялық портфельдің жалпы құны 58 890 млрд теңгені құрайды, оның ішінде ҚМГ үлесіне – 14 872,7 млрд теңге тиесілі. Портфельді басқару шеңберінде Компанияда басым жобаларды айқындау бойынша жұмыс жалғасуда: жаңа инвестициялық жобалар бойынша шешімдер, оның ішінде олардың орындылығы, стратегиялық басымдылығы, тәуекелдері мен капиталды қажетсінуі ескеріле отырып қабылданады.
Жобаның бағыты | 2021 жылғы инвестициялық портфельді ҚМГ үлесіне бөлу | |
---|---|---|
млрд теңге | % | |
Мұнай мен газды геологиялық-барлау және өндіруІрі мұнай-газ активтерінде іске асырылатын жобаларды қоса алғанда. | 13 918,2 | 93,60 |
Инфрақұрылым жобалары | 618,0 | 4,11 |
Мұнай тасымалдау | 143,5 | 1,00 |
Мұнай өңдеу и мұнай өнімдерінің маркетингі | 95,2 | 0,64 |
Мұнай химиясы | 94,2 | 0,63 |
Өзгелері | 3,6 | 0,02 |
Барлығы | 14 872,7 | 100,00 |
ҚМГ инвестициялық портфелі ҚМГ үшін дәстүрлі (геологиялық-барлау, мұнай тасымалдау және өңдеу), сондай-ақ жаңа бағыттардағы: мұнай-газ химиясы және тұрақты даму саласындағы бірқатар жобалардан тұрады. Жақын арада «жасыл» жобаларды қосу көзделіп отыр.
2021 жыл жер қойнауын пайдалану жобаларының инвестициялық тартымдылығын жақсартуда елеулі прогреске қол жеткізу жылы болды. ҚМГ бастамасы бойынша ҚР Үкіметі теңіз жобалары бойынша экспорт-кеден бажын (ЭКБ) алып тастау мәселесін қарады және мақұлдады. Бұл жұмыс «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығымен және ҚР мемлекеттік органдарымен бірлесіп мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыс шеңберінде жүргізілді. ЭКБ-ны алып тастау мәселесін іске асыру теңіздегі жаңа және ағымдағы мұнай-газ жобаларына қолданылады және саладағы инвестициялық ахуалдың тартымдылығын жақсарту бойынша жылдам нәтижелерге қол жеткізуге, кен орындарын игеруді бастауға және Қазақстан Республикасының пайдасына салықтардың елеулі ағынын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын құруға және қазақстандық қамтудың тауарларын, жұмыстарын және көрсетілетін қызметтерін сатып алуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта ҚМГ, Энергетика министрлігі және «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының қатысуымен мұнай-газ саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында мұнай-газ саласындағы жер қойнауын пайдалану жобалары үшін жақсартылған үлгілік келісімшартты әзірлеу талқылануда.
Инвестициялық ахуалды тұжырымдамалық жақсартумен қатар, ҚМГ алға қойылған ағымдағы міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді. 2021 жылы Компания түрлі қызмет бағыттарындағы алты инвестициялық жобаны іске асыруды сәтті аяқтады:
- Қарашығынақ өңдеу кешенінде (ҚӨК) (KGDBN) газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасы;
- Газды кері айдаудың 4-ші компрессорын орнату;
- Өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысын салу және модификациялау;
- Қара теңіз аймағында бөлшек сауда желісін дамыту. Бірінші кезең - 2018-2020 жылдардағы Румынияда 25 жанармай құю станциясының құрылысы (KMG International);
- KPI қажеттіліктері үшін сығылған ауа мен азот өндіру қондырғысын салу.
Мұнай мен газды геологиялық-барлау және өндіру
Инвестициялық портфельде құрлықта, сондай-ақ теңізде іске асырылатын мұнай мен газды барлау және өндіру жобалары елеулі бөлігін алады. 2021 жылы ҚМГ үлесіндегі мұнай мен газды геологиялық-барлау және өндіру жобаларының жалпы құны 13 918 млрд теңгені (93,6%) құрайды. ЭКБ жою мәселесі «Абай», «Исатай», «Жеңіс» және «Әл-Фараби» сияқты қолданыстағы теңіз жобаларының, сондай-ақ «Қаламқас теңіз - Хазар» сияқты перспективалы жобалардың рентабельділік көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
2020 жылғы есепте көрсетілгендей, 2020 жылғы қазанда ҚМГ мен «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ (ЛУКОЙЛ) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан «Әл-Фараби» жобасы бойынша келісімге қол қойды, оған сәйкес ҚМГ мен ЛУКОЙЛ жоба бойынша болашақ жер қойнауын пайдаланушының қызметі бойынша құқықтары мен міндеттері айқындалды. 2021 жылғы мамырда «Әл-Фараби» жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге келісімшарт жасалды. «Әл-Фараби Оперейтинг» ЖШС келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алды және жер қойнауын пайдаланушы болды. Қазіргі уақытта ЛУКОЙЛ-дың жобаға кіруі туралы барлық тиісті шешімдер қабылданды.
Сондай-ақ ҚМГ мен ЛУКОЙЛ арасында 2021 жылғы қарашада «Қаламқас теңіз-Хазар» перспективалық теңіз жобасын іске асыру шеңберінде қағидаттар туралы келісімге қол қойылды. Кен орнын бірлесіп игеру тұжырымдамасын, егжей-тегжейін және шарттарын айқындау туралы одан әрі келіссөздер жүргізу болжанып отыр. Бұл жоба жаңа кен орындарын өндіруге келісімшарттар алу арқылы бейорганикалық өсу жолымен қорлардың өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Теңіз жобаларын ойдағыдай іске асыру үшін ҚМГ теңіз кен орындарын игеру қызметтерін көрсету үшін инфрақұрылымды дамытады. Осылайша, 2021 жылы алғашқы қазақстандық өздігінен көтерілетін қалқымалы Satti бұрғылау қондырғысын (ӨКБҚ) жаңғырту сәтті аяқталды. Жоба Caspian Drilling Company Ltd және British Petroleum компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылды.
Құрлықтағы жұмыс істеп тұрған кен орындарын жете барлау есебінен қорларды арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Атап айтқанда, көмірсутек шикізаты қорын ұлғайтуға бағытталған «С. Нұржанов» және »Батыс Қарасор» геологиялық-барлау жобалары бойынша жұмыс жалғасуда. «Шығыс Өріктау» және «Рожковское кен орнын дамыту» жобалары бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде, өндіру 2023-2024 жылдары басталады деп жоспарлануда.
2021 жылы Компания портфелі тағы бір «Торғай Палеозой» жобасымен толықты, оның аясында 5,5 мың метр тереңдіктегі іздестіру ұңғымасын бұрғылау жоспарлануда. Учаске Қызылорда облысында орналасқан. 2021 жылғы тамызда көмірсутек шикізатын барлауға және өндіруге арналған келісімшарт алынды. Барлау ұңғымасын бұрғылауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
ҚМГ стратегиялық инвесторлармен бірлесіп Теңіз (20%), Қашаған (16,88%) және Қарашығанақ (10%) ірі кен орындарындағы жобаларға қатысуды жалғастыруда.
Теңізде «Болашақ кеңейту жобасы /Сағалық қысымды басқару жобасы» іске асырылуда.
Бекітілген кестеге сәйкес Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін қолдау жобалары іске асырылуда. 2021 жылы Қарашығанақ өңдеу кешенінде газ бойынша өндірістік шектеулерді (KGDBN) алып тастау жобасы сәтті аяқталды. Газды кері айдаудың 4-ші компрессорын (4ІС) орнату жобасы аяқталуға жақын.
Мұнай тасымалдау
2021 жылы ҚМГ үлесіндегі мұнай тасымалдау жобаларының жалпы құны 143,5 млрд теңгені (1%) құрайды.
2021 жылы «Мұнай өнімділігін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайту. «Қазақстан-Қытай» мұнай құбыры құрылысының екінші кезеңінің екінші кезегі» жобасы бойынша жұмыстар аяқталды. Оның аясында мұнайды реверсивті режимде тасымалдау мүмкіндігімен «Өнімділігі жылына 6 млн. тоннаға дейін «Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбыры учаскесінің реверсінің бірінші кезеңі» іске қосылды.
Осы бағыт бойынша негізгі жоба «КҚК СС тар жерлерін жою жобасы» болып табылады, ол КҚК құбырының өткізу қабілетін жылына 72,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерінің маркетингі
KMG International N. V. Қазақстан-Румын инвестициялық қоры шеңберінде мұнай өнімдерінің бөлшек сауда желісін дамыту мақсатында 25 жанармай құю станциясының (АҚС) құрылысы (бірінші кезең) жобасын іске асыру аяқталуда.
ҚР Солтүстік және Шығыс өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) қарау қорытындысы бойынша 2021 жылы ҚМГ СКГ тазарту және Павлодар химия-мұнай зауытында (ПМХЗ) қысқы дизель отынын өндіру бойынша жобаларды іске асыруды бастады. Бұл жобалар қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуын азайтуға, ашық түсті мұнай өнімдерін өндіруді арттыруға және ПМХЗ мұнай өнімдерінің қоржынын жақсартуға бағытталған. Қондырғыларды іске қосу тиісінше 2023 және 2024 жылдарға жоспарланып отыр.
2021 жылы ҚМГ үлесіндегі мұнай өңдеу және мұнай өнімдерінің маркетингі жөніндегі жобалардың жалпы құны 95,2 млрд теңгені (0,64%) құрайды.
Мұнай химиясы
ҚМГ отандық мұнай-газ химиясы саласын құру бойынша белсенді жұмыс істеуде. Бұл ұлттық компания дамуының жаңа кезеңі болмақ. Бүгінгі таңда 2021 жылы ҚМГ үлесіне мұнай-химия жобаларының жалпы құны 94,2 млрд теңгені (0,63%) құрайды. 2022 жылдың 1-ші тоқсанында ҚМГ полипропилен өндіретін зауыттың құрылысын аяқтайды, ол жыл сайын 500 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы бағытта тиісті тәжірибесі бар серіктестерді тарта отырып, полиэтилен мен бутадиен өндіру бойынша жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2021 жылы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақ аумағында «KPI қажеттіліктері үшін сығылған ауа мен азот өндіру қондырғысын салу» инфрақұрылымдық жобасын іске асыру аяқталды.
Инфрақұрылымдық жобалар
ҚМГ ұлттық компания ретінде мынадай бағыттағы жобаларды іске асырады:
- өңірлерді сумен қамту мәселелерін шешу, олар «Астрахань-Маңғышлақ су құбырын қайта жаңарту» және «Кендірлі кентінде қуаты тәулігіне 50 000 м3 теңіз суын тұщыту зауытын салу». «Астрахань-Маңғышлақ су құбырын қайта құру» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу жалғасуда және қаржыландыруды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Кендірлі кентінде қуаты тәулігіне 50 000 м3 теңіз суын тұщыту зауытын салу» жобасы бойынша оны техникалық сүйемелдеу үшін жобаны басқару мердігерін (Рroject Management Consulting) таңдау жөніндегі тендерлік рәсімдер аяқталуда.
- газды үздіксіз өңдеуді қамтамасыз ету, оның ішінде өңір халқының қажеттілігін өтеу үшін. Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салу жобасы бойынша Pre-FEED және ТЭН әзірленді. Қазіргі уақытта қоршаған ортаға кері әсерді бағалау және белгіленген қызметтің әсерін скрининг жүзеге асырылуда. Жобаны қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаны 2024 жылдың басында аяқтау жоспарлануда.
- қоршаған ортаны жақсарту – АМӨЗ-дегі «Tazalyq» жобасы. 2021 жылы бірінші және үшінші кезеңдер бойынша құрылыс жүргізу, жобаны басқару, техникалық және авторлық қадағалау бойынша шарттар жасалды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.
2021 жылы ҚМГ үлесіндегі инфрақұрылымдық жобалардың жалпы құны 618 млрд теңгені (11%) құрайды.